Алтын Капалова
Қырғызстан





Бұл хикаяның кейіпкері – Алтын Қапалова, жазушы, суретші, куратор, белсенді, Бішкек қаласындағы Феминналенің – феминисттік заманауи өнер көрмесінің негізін қалаушылардың бірі, MoFA – Museum of Feminist Art негізін салушы.


Назар аударыңыз! Мәтінде триггер бар: физикалық, психологиялық зорлық-зомбылық




Үйдегі тиранмен амандық та, денсаулық та пен қауіпсіздік те жоқ



24-25 жасымда-ақ өте жақсы маман болғанмын, қаржылай және эмоционалды жағынан тәуелсіз болдым. Мен театр, мұражай және кураторлық салаларда көп жұмыс істедім, көп саяхаттадым, оқуыма беріліп, мықтап кіріскен едім, сол үшін шетелде өтетін оқуға қатысты қысқа мерзімді іс-шараларға жиі қатысатынмын. Демек, сырт көзге менің өмірімде тұрмыстық зорлық-зомбылық болмағандай көрінді, мен де өзімді «осал топқа» жатқызбайтын едім. Алайда мен бұрынғы күйеуіммен отбасылық зорлық-зомбылық тозағында бір жылдай тұрдым, біздің бір жасар ұлымыз болды. Біз ажырасқаннан кейін де бұрынғы күйеуім маған қысым көрсетіп, психологиялық тұрғыдан үстемдік етті, мен тағы бір жыл соның әсерінде болдым. Есімде: біз бірге тұрмаған едік, бірақ әлі ресми ажыраспадық, кішкентай ұлыммен бір жаққа бара жаттым.



Баламды көтеріп келе жаттым, күн суық болды, ол маған қоңырау шалып: «Қайдасың?» – деп сұрады. Үйге бара жатқанымды айтқанда сұрақ жаудыра бастады: «Неге сонша кеш?». Қараңғы болды, сағат кешкі 7-8, кенеттен ол: «Саған келейін бе?» –деді. Сол кезде менің үш ресми жұмысым және достарым, қолдайтын отбасым болғанына қарамастан қорқып кеттім. Бірақ мұның бәрі бір сәтте-ақ жоғалуы мүмкін... Өйткені сіз тиранмен тұрсаңыз, сіздің өміріңізге, денсаулығыңызға, физикалық қауіпсіздігіңізге, сондай-ақ балаңыздың психологиялық және физикалық денсаулығына үлкен қауіп төнеді. Мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын жақсы түсінемін, өйткені ондай жағдайда сіздің әрекеттеріңіз тек қорқынышқа негізделеді: сіз қабылдау барабарлығын жоғалтасыз, тәуекелдерді дұрыс бағалай алмайсыз.




Жақындарымның, психологтың және мамандығымның арқасында сол қарым-қатынасты үздім



Болып жатқанды бәрінен жасырсам да, жақындарым бәрібір біліп қойды. Құрбыларым менің үнемі жылап жүргенімді байқады, құрбыма депрессиядан шығуға көмектескен психологқа жүгінуге кеңес берді. Менде бірнеше сессияға ғана ақша болды, бірақ осы уақыт ішінде-ақ ол маған қатты көмектесті, мен оған дейін өзімнің отбасылық зорлық-зомбылықа тап болғанымды да түсінбей жүрдім. Психологпен жұмыс істеудің арқасында мен зорлық-зомбылықты анықтап, сол қарым-қатынастан шығу үшін алғашқы қадамдарды жасадым. Менің ойымша, бұған әпкелерімнің, туыстарымның қолдауы, қарашаңырағым, материалдық тәуелсіздігім де ықпал етті.


Бәрінің аяқталғанына өте қуанышты болдым және ажырасқанымызға қайғырмадым. Алайда, әрине, бұл маған ауыр тиді, өйткені мен өскен ортада адам бір рет үйленіп, жұбымен өмір бойы бірге болу керектігіне сенді – мен де соған сенген едім. Баламмен жалғыз қалып, көп жұмыс істедім, басқа ештеңеге уақытым болмады. Мамандығым маған қатты көмектесті: менің жүрген жерімді бақылайтын адам кеткен соң жаңа мүмкіндіктер ашылды, мен енді ұрыс-керіске, одан кейін қалпыма келуге уақыт жұмсамадым, жұмысқа келіп, түні бойы ұйықтамағандықтан әрекет ете алмайтын кездер де артта қалды.

Бұрынғы күйеуіммен қарым-қатынасымыз біраз уақытқа тоқтады, сол уақыт ішінде мен қатты өзгердім. Бірақ бірнеше жыл өткен соң ғана одан қорыққаным басылды. Бір-ақ рет кездестік, содан кейін ол біздің өмірімізден мүлдем жоғалды. Бірақ мен ешқашан оның ақымақ, зорлаушы болғанын, бұның сұмдық жағдай болғанын айта алмадым. Себебі онымен сөйлескен кезде санамды қорқыныш биледі, ал бәрін айтуға жеткілікті күш жинағанда онымен кездесуге мүмкіндік болмады.



Өз жұмыстарымда гендерлі зорлық-зомбылық тақырыбын қозғаймын



 
Шығармашылығымның екі негізгі тақырыбы – отарсыздану және гендерлі зорлық-зомбылық, осы тақырыпты ашатын жұмыстарым көп. Бұл тақырып, әрине, мен жазған балалар ертегілерінде де кездеседі. Мәтіндерімде мен әрқашан гендерлі таптаурындардан аулақ боламын және әр кейіпкерді мұқият құрамын, әйел кейіпкерлердің күшті, батыл, тәуелсіз болуы үшін оларға аса көп көңіл бөлемін. Өйткені мәтін арқылы біз шындыққа ықпал етеміз, яғни балалармен жұмыс істеу керек! Біз тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен немесе агрессорлармен жұмыс істеп жатқанда сапасыз, ақымақ ертегілер және зорлық-зомбылықты романтизациялайтын сексист қоғамдық телеарналардың контентін көріп, құрбандардың жаңа буыны өсіп келеді. Демек, гендерлі зорлаушылардың қатары да көбеюде. Балалар ертегілерінен бөлек мен осы мәселені Феминнале сияқты көрмелерімде көтеремін – әрине, бұл мен өткізген жалғыз көрме емес, бірақ аты шулы болған соң ең әйгілісі де осы. Ал негізінде мен жергілікті деңгейде көрмелер өткізіп, ауылды жерлердің әйелдерің тартамын.



Мысалы, менің Women&Ways, яғни «Әйел жолдары» атты жұмысым бар. Бұл трилогия, үш бөлімнен тұратын видеоарт, олардың әрқайсысында әйел өтетін жолдар мен бағыттардың мәселелерін көтеремін. Бірінші бөлім су қолжетімділігі туралы – көбіне ауыл әйелдеріне қатысты мәселе. Онда екі шелекті көтеріп, су бағанасынан үйге қайтып бара жатқан әйелді көрсетемін, оның алдында шексіз жол жатқандай көрінеді. Мен ауылға барған сайын бағанадан үйге дейін жіп тартамын, содан кейін сол жіпті көрме кеңістігіне алып келіп, екі шелек қоямын. Қала тұрғындарының көбі бұл мәселені түсінбейді, ауыл адамдары өзінің жалқау болғанынан кедей өмір сүреді деп ойлайды. Мен бұл адамдардың әлеуметтік желілеріне, әсіресе ауыл адамдарын жалқау дейтін ер адамдардың парақшаларына кіріп, «Барып, екі шелек суды бірнеше шақырым жерге тасып көрші!» – деп айтқым келеді.

Трилогияның екінші бөлімі патриархиаттың тағы бір аспектісін бейнелейді: ауылдарда ер адамдар көлікпен немесе атпен жүреді, онда қоғамдық көлік жоқ, ал әйелдер көбіне жаяу жүреді. Олардың арзан аяқ киімдері тез тозады. Мен жай ғана жүріп бара жатқан аяқты көрсетемін – осылайша аяқ киімнің сапасы, қай жері тозғаны анық көрінеді. Видеоартпен қатар сол ауылдан әкелген аяқ киімді де көрмеге қоямын. Ескі аяқ киімді.

Үшінші бөлім қыздың қараңғы түні үйге қарай жүгіргені туралы. Қысқа ғана жол, ауыл иттерінің үргені естіледі, бірақ бұл өте қорқынышты – қараңғыда дүкеннен үйге дейін 500 метр жүру, бұл өте қауіпті. Гендерлі зорлық-зомбылық мәселесін көрсету үшін суретшілер әртүрлі тәсілдерді, әртүрлі формаларды қолданады – бірі тікелей көрсетсе, екіншісі жасырын бейнелейді, олар екі жағдайда да мақсатына жетеді, өйткені өнер сезім арқылы, эмпатия арқылы әсер етеді. Сондықтан оны адамдарға, соның ішінде шешім қабылдаушыларға мәселенің мән-жайын жеткізу мақсатында пайдалану маңызды. Және бұл тиімді әдіс! Бұны пікір бөліскен адамдардан естідім: көрме ерекше әсер қалдырды, бірдеңе істеу керек! Бірақ сексуалдық, тұрмыстық, экономикалық, психологиялық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер үшін бұл тәжірибе триггер болуы мүмкін. Біз оларды бұдан қорғағымыз келеді, сондықтан өте ауыр, эмоционалды жұмыстар қойылған кезде, бұның триггерлеуі мүмкін екенін және ол жағдайда бұл бөлмеге кірмеуге болатынын ескертеміз.


Шығармашылығым әрі қарсылық білдіру актісі, әрі қоғамдағы пікірталасты бақылау механизмі


Өнердің әсерін өлшеу өте қиын. Ол көбіне жаңа сезімге бөлейді, феминисттік қозғалыс шеңберін кеңейтуге және келесі іс-шараны жариялаған кезде немесе буллиң мен қудалаудың жаңа толқынына түскенде қолдайтын мүдделес адамдарды табуға көмектеседі. Менің жағдайымда қудалаудың ауқымы үлкен болғаны сонша, өз жұмысымды жалғыз орындап үлгеру мүмкін болмады – маған көрмеде болған, бұдан басқа жұмыстарымызды көрген серіктестер де, бейтаныс адамдар да көмектесті (2019-жылдың аяғында Бішкекте өткен Феминналеге және оның арт-кураторы Алтын Қапаловаға патриархалды белсенділер шабуыл жасады, олар көрмеде болған жалаңаш әйел денесі мен іш киімі бейнеленген суретке наразылық білдірді; кейінірек елдің Мәдениет министрлігі экспонаттардың бір бөлігін алып тастауды талап етті – ред. ескерт.).

Шешім қабылдайтын адамдарға өнер олай әсер етпейді: көрді, жүрегі елжіреді, ол келіп, өмірімізді жақсартатын шешімдер қабылдады. Дегенмен, біздің жұмыстарымыз пікірталастың тоқтауына жол бермей, ұстап тұрады. Егер біз тоқтасақ, заңдарымыз әйелдер үшін тиімсіз, жағымсыз болып өзгереді. Бұл – қарсылық өте маңызды, өйткені біз осы көрмелер мен шығармалар арқылы ойымызды ашық айтамыз – жоқ, біз мына сасық заңдарыңа келіспейміз, қайта жазыңдар, әйелдерді қорғау механизмдерін ретке келтіріңдер! Яғни бұл сондай-ақ олардың іс-әрекеттерін қоғамдық бақылау механизмі – біз бәрін көреміз, сіздің не істеп жатқаныңызды білеміз және заңдардың мемлекет пен зорлық-зомбылықтың емес, біздің мүддемізді қорғағанын қалаймыз.


Зорлық-зомбылықтың қалай істейтінін білгендіктен маған басқа адамның сезімін түсіну оңай



Мен белсенділікке бірнеше жыл бұрын келдім. Менің ойымша, онымен айналысу үшін ресурс –  ішкі ресурс, уақыт, күш қажет, бұрын олар болған жоқ, өйткені мен қолымдағы кішкентай балаларыммен өмір үшін күрестім. Бірақ содан кейін кішкене қаржылық тұрақтылық пайда болғанда мен әлеуметтік желіде мәтін жаза бастадым, осылайша шығармашылық пен белсенділікке көбірек уақыт бөле алдым.

Өте нашар мәтін туралы – қызды мінез-құлқы үшін шеймдеген (айыптаған – ред. ескерт.) 3-сынып оқулығындағы өлең туралы пост жаздым. Мен бұл өлеңді интернетте көріп, басында мұндай кітаптың бар екеніне сене алмадым! Содан кейін мен оны сатып алып, бұның балаларға бір-бірін және адамдарды шеймдеуді түсіндіретін нұсқаулық екенін түсіндім, өлеңді талдадым, менің постым таралып кетті. Мен қатты ашуландым, балағат сөз көп болды, бірақ оның нашар болғаны сонша, тіпті менің посттарымнан аулақ болған адамдар да онымен бөлісті. Басқа феминисттер де қосылды, нәтижесінде оқушылар он жыл бойы оқыған кітапты мектеп бағдарламасынан толығымен алып тастады. Мен: «Енді зорлаушылардың неліктен көп екені түсінікті», – деп жаздым.

Мәтіндерімде жағдайдың қорқыныштылығын бейнелеу үшін фактілерді жинап, қорытындылаймын, бірақ сонымен қатар көркем жазу стилін қолданамын. Егер сіз журналист сияқты «осынша пайыз» деп жазсаңыз – онда бұл сандарды құрайтын адамдар көрінбей қалады. Бұл құлаққа жағымсыз естілуі мүмкін, бірақ мен зорлық-зомбылықтың қалай істейтінін білетіндіктен, маған ол туралы жазу өте оңай, басқа адамның сезімін түсінемін, кейде физикалық түрде де елестете аламын.

Әйелдер менімен тікелей байланысып, хат жазады, осылайша мен кейбір оқиғалар туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан да ерте естимін. Менің ойымша, медиа өте маңызды, өйткені, бір өкініштісі, қазіргі жағдайда қоғамдық резонанс тудыра отырып, мәселені көпшілікке жария етпегенше әділеттілікке қол жеткізу өте қиын. Пандемияға дейін маған қатарынан үш резонанс кейс түскенде мен бұл туралы көп ойландым. Мен белсенді және қарапайым әйел ретінде еш көмектесе алмайтынымды түсіндім, мен бұл саланың маманы емеспін, менде де ешқандай ресурс жоқ. Бірақ өзімнің эмпирикалық тәжірибемнен түсінгенім – қоғамға жария етудің пайдасы бар. Мен ол әйелдерге сары баспасөз сияқты емес, егжей-тегжейін жаза алатын адал журналисттерге жүгінуге кеңес бердім. Бір күні таңертең оянып, материалдың бірі менің қатысуымсыз шыққанын көрдім. Бәрі жақсы аяқталды деп айта алмаймын – өкініштісі, жоқ, бірақ жалғыз күрескен кезімен салыстырғанда жағдай әлдеқайда жақсы болды, өйткені оларды қоғам да, феминисттер де қолдады. Бір жағдайға омбудсмен араласқанда: «Ол ауруханама келді, өте қуаныштымын», – деп жазды. Шын мәнінде қанаттанып, өмір сүруге күш жинау үшін көп нәрсе қажет емес. Тұрмыстық және сексуалдық зорлық-зомбылық құрбандарымен араласу тәжірибесінен түсінгенім –  жария етудің пайдасы көп. Құрбандарды «ұят бөлмесіне» кіргізіп, «Бәріне кінәлі» екеніңді айтатын, ал өзіңнің құрбан екеніңді мойындауды «ұят» дейтін зорлаушылар, шын мәнінде, өздері жария болудан өлердей қорқады! Мен өз тәжірибемде жағдайын көпшілікке жария етпеген бірнеше әйелді кездестірдім, бірақ олар [агрессорларға]: «Маған істегеніңді блоггерлерге айтып, бәріне жайып саламын», - деген, бұл әдіс бірнеше жағдайда көмектесті. Олар әрекеттерін тоқтатты. Жазасыздық зорлаушыларға қалағанын істеуге мүмкіндік береді.



Бәріне, балаларыма да айтатыным – бұл әлемде ешкімнің сендерді ұруға, ренжітуге немесе намыстарыңа тиюге құқығы жоқ



Маған мұндай хаттарды жібере берсе де, жақында мен жеке жағдайларға назар аударғанды қойдым, жүйе болмағанына өкінемін, эмоционалды күш қалмады. Зардап шеккендер маған немесе басқа белсенділерге жазуға күш тапса да, біз ештеңе істей алмаймыз, өйткені құқық қорғау органдарында зорлаушылар көп, сот жүйесі жемқор, ал медицинада виктимблеймиң кеңінен етек жайды (зардап шеккен тарапты болған жағдай үшін айыптау – ред. ескерт.): оларға жәбірленуші келсе, ешкім: «Енді бәрі жақсы болады, біз оны жазалаймыз», – деп айтпайды. Жоқ! «Аха, жә...еп келді!», «Сорпаңның тұзы ащы болған шығар, иә?», «Көгергені кетпеді ме? Мен жексенбі күні сені тексеруім керек қой!». Менің ойымша, олардың барлығына [зардап шеккен адамдармен жұмыс істеуді] үйрету керек.

Сондай-ақ, біз жәбірленушіні бес баласымен алып, шелтерге орналастыруды доғаруымыз керек деп санаймын, өйткені шелтерде орын аз. Неге зорлаушыны жағасынан ұстап, түрмеге отырғыза алмайтынымызды түсінбеймін. Әйелдің үсті-басы көгергенін көргеннен кейін-ақ! Біз жәбірленушіні алып, оған орын іздейміз, балаларды күйзеліске ұшыратамыз, оның орнына неге қылмыскерді алып, оны біраз уақытқа «жаба» алмайтынымыз мені таңғалдырады. Менің ойымша, мемлекеттік органдар мүлдем жұмыс істемейді, олар жұмыс істесе де, зорлық-зомбылық құрбандарына қарсы әрекет етеді. Сондықтан ешкім жазаланбайды. Мен «ер адамдар өз эмоцияларын басқара алмайды» деген сылтауды көп естимін. Сендерді бір рет жазаласа, өз эмоцияларың мен әрекеттеріңді жақсы басқаратын боласыңдар! Бірақ ешкімді жазаламағандықтан, әйелдерге қатысты физикалық, психологиялық және сексуалдық зорлық-зомбылық жалғасуда.

Бізде, Қырғызстанда тамаша зерттеушілер, журналисттер Анна Капушенко мен Савия Хасанова өте үлкен зерттеу жүргізді: олар [отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық істері бойынша] сот мәжілісінің хаттамаларын зерттеді. Олар мақалаға қандай атау бергенін білесіз бе? «Мен оны бәрібір өлтірер едім». Бұл цитаталардың бірі. Онда соттың: «Сіз оны не үшін өлтірдіңіз?» – деген сұрағына жауап ретінде зорлаушылардың айтқан сөздері жазылды. Төмендегідей себептер болды: «Суып қалған сорпа құйып берді», «Ол менен сұранбай кетіп қалды», осындай ақымақ, қорқынышты нәрселер айтылған... Ұрып-соғуға, өлтіруге немесе зорлауға ештеңе себеп бола алмайды! Жәбірленуші ешқашан ештеңеге кінәлі емес! Ешбір сорпа үшін, ешбір әрекеті үшін оған айқайлауға, оны ұруға болмайды! Тіпті жәбірленушінің дүниетанымы қылмыскердікіне сай болмаған жағдайда да. Мен балаларыма әрдайым айтатыным – ешкімнің, менің де, осы әлемдегі басқа біреудің де сендерді ұруға, ренжітуге немесе намыстарыңа тиюге, дауыс көтеруге құқығы жоқ – мұғалімнің де, ешкімнің. Менің ойымша, мұны бала кезден айту керек, сонда балада қандай да бір қорғаныс механизмдері пайда болады. Мысалы, мен әлі күнге дейін біреу дауыс көтерсе, триггерленемін – жай ғана психологиялық тұрғыдан емес, физикалық тұрғыдан қинала бастаймын, тепе-теңдікті жоғалтып, денемді басқара алмай қаламын – осылай әсер етеді. Көптеген әйелдер жаман болғанынан емес, бір өкініштісі, бұл әлемде зорлаушылардың көп болғанынан және кейбір ықпалды топтар, мемлекет соларды қолдағанынан азап шегеді.


Зорлық-зомбылық жағдайынан шығу өте қиын, сондықтан кез келген қолдауды қабылдау керек


Менің ойымша, «Өз-өзіңе көмектес, қанатыңды жай, өзіңе сен» секілді мотивациялық хикаялар –жалған, олар көмектеспейді. Өйткені әр адамның хикаясы, тәжірибесі, қабылдау деңгейі әртүрлі. Кейбір жағдайда [зардап шеккен әйелмен] тікелей байланысқа шығудың, онымен сөйлесудің де пайдасы бар деп ойлаймын – мен де әйелдерге қиындықтан соң жақсылық келетіні туралы айтып, хат жазамын, бірақ оған мотивация беретін бірдеңе айту, меніңше, мағынасыз. Ол сыртқы жайдайлар тоғысқанда ғана орынды, менің жағдайымда – психотерапевтке жұмсайтын ақша, отбасымның қолдауы, қаржылай тәуелсіздік, тағы басқа – кез келген қолдау, мемлекеттік қолдау, (менің жағдайымдағыдай емес) шелтердің тарапынан қолдау. Мен адамның ішкі күшіне сенбеймін, өйткені бір жыл бойы сол жағдайда өмір сүрдім – ештеңе көмектеспеді. Бір күні сыртқы жағдайдың арқасында еркіндікке жақындай түскенде мотивацияның көмектесуі де мүмкін.


Мен: «Шық, қолыңнан келеді!» – деп айтпас едім, өйткені оның қаншалықты қиын екенін білемін. Мен айтқым келген негізгі месседж – одан кейін де өмір бар, ол өмірдің керемет болуы мүмкін. Қолдау іздеу керек, ұсынған кез келген көмекті қабылдау керек. Сансыз әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегуде, кейде ол жасырын болуы мүмкін – басқалардан жақсы өмір сүремін деп ойлауың мүмкін, бірақ, шынында, бірге тұрып келе жатқан адамыңның жылдар бойы тұлғаңды қорлап жатқанын, қаржылық зорлық-зомбылықты, сексуалдық зорлық-зомбылықты, некедегі зорлық-зомбылықты, психологиялық зорлық-зомбылықты байқамай жүруің мүмкін. Бопсалауға баланы араластыру – психологиялық зорлық-зомбылық. Бір өкініштісі, көптеген әйел осындай жағдайда өмір сүреді, оның құрбаны болу ұят емес! Ешқашан, еш жағдайда құрбан кінәлі емес.





︎︎︎ВЕРНУТЬСЯ НА ГЛАВНУЮ