Дина Тансари
Қазақстан





Төртінші хикаямыздың кейіпкері – Дина Тансари, «НеМолчи.kz»︎︎︎ зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге қолдау көрсететін қоғамдық қордың жетекшісі және президенті, ана әрі әже, продюсер, қоғам қайраткері. 2016 жылы Дина қатысушылардың басынан өткен сексуалдық зорлық-зомбылық, алымсақтық және абьюз туралы айтуына бағытталған #АйтуғаҚорықпаймын (#Янебоюсьсказати) онлайн-флешмобына қатысқан алғаш қазақстандықтардың бірі болды. Фейсбуктағы постында︎︎︎ Дина 20 жасында оны бұрынғы сыныптастары топпен зорлағаны туралы жазды. Динаның сол хикаяда жазған #НемолчиKZ хэштегі зорлық-зомбылыққа қарсы науқанның басын бастап, оның қоғамдық қорының атауына айналды.




Назар аударыңыз! Мәтінде триггер бар:
сексуалдық зорлық-зомбылық, депрессия




Ең жиіркеніштісі, мен 25 жыл бойы доссымақ зорлаушыларыммен кездесіп жүрдім




20 жасымда [сыныптасымның үйлену тойынан кейін] мені топпен зорлады, сол кезде болғанның барлығы ұзақ жылдар бойы санамның түбінде жатты. Ол туралы ештеңе есімде болмаған соң туысқандарымнан бұл тақырыпты көтермегенін талап еттім. Оларға да солай қолайлы еді, ешкімнің бұл жараны ашып, не болғанын сұрап, қазғысы келмейді ғой. Бәрі бұл туралы ұмытуға тырысты. Оған кімнің қатысы бар екенін, не болғанын білмедім. Бұл қылмысқа жауапты адам туралы ойлар маза бермеді. Сыныбымыз досшыл еді, жақсы араласатынбыз, бәрі бірін-бірі қолдайтын көшбасшылардың бірі болдым деп ойладым. Сол үшін 25 жыл бойы сол зорлауға жауапты сыныптастарымды дос деп жүрдім.




Бірақ 2014 жылы сыныптастардың арасында маған дос еместердің де бар екенін түсініп, көп толғандым – неге екенін білмеймін, бірақ сол кезде бұл мәселе мені қатты мазалайтын. Бұл мен үшін өте қиын, қайғылы кезең болды. Сәттілікке, жақсы оқиғаларға қанша тырыссам да, мақсатыма жету үшін бірдеңе жетпейтін – өзімнің жеке мақсаттарым мен амбицияларым.

Мен бұл ойларымды санамның түбінен шығару үшін психологтың көмегіне жүгіндім, күніне алты сағаттан агрессивті терапияның үш сеансынан өттім. Эмоционалды жағынан өте қиын болды, өйткені терапия кезінде бәрі есіме түсті. Қайтадан зорланғандай болдым. Оқиғаның егжей-тегжейін есіме түсіруге дайын болмадым, бірақ маған сол жерде болғандарды көру жеткілікті еді. Бұл мені қатты триггерледі, уайымдай бастадым. Бұның бәрінен хабардар болған анаммен сөйлестім, оған көп ұрыстым, өйткені ол сол оқиғаға кімнің жауапты екенін, онда не болғанын біле тұра маған ешқашан айтқан емес. Өткеннің бәрін қопарып, басқалардан да сұрастыра бастадым... Паззл жиналды, бұны ең жақын деп жүрген сыныптастарымның жасағаны расталды. Ең жиіркеніштісі, 25 жыл бойы сыныптастар кездесулерінде зорлаушыларыммен кездесіп жүрдім, ал олар біз дос болғандай түр танытып жүре берді.





Бұл туралы ашық айтуды ұйғардым, басқаларды да соған шақырдым


Өмір бір оқиғаға «дейін» және «кейін» деп бөлінгенде не болатынын білесіз бе? Сіз жаңадан білген нәрсе бұрынғы дүниетанымыңыздың тас талқанын шығаратынын білесіз бе? Менің дүниетанымымның өзгергені сонша, қызығушылықтарымды жоғалттым. Мен өзімнің сүйікті театрыма деген қызығушылығымды жоғалтып, бір жыл ішінде банкрот болдым. Тоқтау керектігін түсініп, 2015 жылы бәрін тастап, театрды жаптым.


Өмір бір оқиғаға «дейін» және «кейін» деп бөлінгенде не болатынын білесіз бе? Сіз жаңадан білген нәрсе бұрынғы дүниетанымыңыздың тас талқанын шығаратынын білесіз бе? Менің дүниетанымымның өзгергені сонша, қызығушылықтарымды жоғалттым. Мен өзімнің сүйікті театрыма деген қызығушылығымды жоғалтып, бір жыл ішінде банкрот болдым. Тоқтау керектігін түсініп, 2015 жылы бәрін тастап, театрды жаптым.
Бір жыл бойы депрессияда болдым, бірақ болған оқиғаның жалғасын көруден қорыққаным сонша, психологқа да бара алмадым. Желіде өзімдікіне ұқсас оқиғаларды оқыдым, бірнеше сайт таптым, бірақ бір өкініштісі, олардың бәрі аноним болды. Сол кезде мені ызаландырған ой: бұл туралы неге аноним айтуым керек? Неліктен зорлыққа тап болғанымды жасырып, одан ұялуым керек, неге олар ұялмайды? Бұл ішкі наразылыққа айналды. 2016 жылы «Айтуға қорықпаймын» қозғалысы пайда болған кезде ғана жеңілдеп қалдым, біреу: «Иә, болды, Дина, болады, бар, айт»,– дегендей сезім болды. Ол кезде мен бұл туралы ашық айтқым келді, содан кейін жағдайымның жақсаратынына сенімді болдым.



Мен олардың аттарын жасырып, [постымды] жарияладым, шынымен де жеңілдеп қалдым. Адамдар мені қолдайды деп ойламадым, өйткені 2016 жылы бұл науқан желіні едәуір шулатты, ал біздің елімізде және шетелде адамдар мені табысты продюсер ретінде білді, театрымыз көптеген халықаралық байқауларға қатысып, мен қазылар алқасынан жиі көрінетінмін. Күтпеген жерден осыны Фейсбукқа салдым, елестете аласыз ба? Адамдар аң-таң болды! Мен адамдардың реакциясын, не дейтінін күттім. Бір қызығы, олардың реакциясы жақсы болды, көбі маған алғыс айтты. Мойнымнан жылдар бойы арқалаған ауыр жүгім түскендей болды! Бір тәулікте үш мыңнан астам адам алғыс айтып, жекеме хат жазды, оның жүзге жуығы «Мен де зорлық көрдім» деп жазды. Мен осындай хаттардың көптігіне таңғалдым!

Мен адамдардың басынан өткені туралы ашық айтқанын қаладым, өйткені оның ең алдымен психологиялық жарақат екеніне, ал адам үндемесе, ол абсцесс, ірің сияқты бәрібір жарылып шығатынына сенімді болдым. Маған келген хаттың арасында көптеген адамның хикаялары болды, тіпті ажал алдында жатқан әйелдердің біреуге: «Мені 1990-жылдары зорлады, бұл туралы біліп, өзіңді еркектерден қорғай алғаныңды қалаймын», – дегені туралы оқыдым... Менің ұстанымым: «ашық айту» –  ең алдымен өзім үшін, психологиялық денсаулығым үшін жасаған әрекетім, бірінші постымда мен мұны өзім үшін жасайтынымды жаздым. 



Әйел құқығын қорғауға қатысты кез келген сұраққа жауап бере алатын сарапшыға айналдым





Содан кейін оқиғалар көбейіп кетті. Бір айдан кейін (2016 жылы шілдеде постты жариялаған соң – ред. ескерт.) бізге Есік қаласынан топтық зорлаудан зардап шеккен әйел келіп, көмек сұрады. Содан соң 25 тамыз күні әртүрлі бейкоммерциялық ұйымдардың жетекшілері қатысқан Астанадағы дөңгелек үстелге бардым – құқық қорғаушы ұйымдардың соншалықты көп болғаны мен үшін жаңалық болды, онда депутаттар, министрліктердің өкілдері де болды. Сол жиналыста алғаш рет: «Зорлықтың құрбаны ретінде жаңа заң талап етемін», –дедім. Бұл менің алғаш шулы мәлімдемем болды, онда тілшілер көп болғанынан қобалжыдым. Бәрі тұмандағыдай болды. Бірақ «А» деп ауыз ашқан соң, сөйлеу керек, өз сөзіме жауапкершілік алып, маған үміт артқан адамдардың сөзін сөйлеп, жалғасыруым керек болды. Ол сәтте құқық қорғаушы ұйым ашу ойымда болған жоқ. Жай ғана өз тәжірибемді бөлісіп, «Айтуға қорықпаймын» флэшмобының қатысушысы болғым келді, бірақ осы толқынмен, адамдардың қолдауымен ұйым аштым.

Мен не істеу керектігін, неден бастау керектігін білмедім және маған «БҰҰ-Әйелдер» ұйымы қатты көмектесті, феминизмнің не екенін түсінбегендіктен маған дәріс алуды ұсынды. Ол кезде маған: «Дина, сен феминистсің бе?» – деп сұраса, мен: «Жоқ, қойыңыз, мен ер адамдарды өте жақсы көремін!» – дейтінмін. Қазір күлкім келеді! Кезінде басқа адамдардікіндей менің де санамда таптаурындар өте көп болатын, бүкіл өмірім солай өтті – ал феминизмнің мағынасын түсіне бастағанда жылдап қалыптасқан таптаурындар жойылды. Менің бір қасиетім бар – бірдеңеге қызығушылық танытсам, жақсы әрі тез үйренемін. Сондықтан осы бес жыл ішінде мен заңдарды, құқық қолдану практикасын, үздік халықаралық практикаларды, басқа заңдардың қалай жұмыс істейтінін өз бетімше зерттеп, өз сөзіммен түсіндім. Өзім статистиканы зерттеп, қорытынды, аналитика шығардым, біз тіпті 2016 жылы сауалнама өткізіп, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен екі жүз адамның жауаптарына негізделген аналитикалық зерттеу жүргіздік.

Қазір мен қысылмай өзімнің осы саланың маманы екенімді айта аламын, өйткені мен заңға, әйелдер құқығын қорғауға, оның қоғамдық тұрғыдан да, заң тұрғысынан да қалай реттелетініне қатысты кез келген сұраққа жауап бере аламын. Енді бұл өмірімнің мәніне айналды. Біз [НеМолчиKZ қорында] бәрін оқимыз, мемлекеттік органдарға бума-бума ұсыныс жазамыз, құқық қолдану, заң шығару қызметіне қатысамыз. Бізді жазылушыларымыздан басқа ешкім қаржыландырмайды, қайырымдылықтан түскен қаражатқа өмір сүреміз; біз заңгер емеспіз, адвокат емеспіз, жай ғана зардап шеккендерге қолдау көрсететін адамбыз. Біз өте сауатты мәтіндер жазамыз – апелляциялар, шағымдар, өтініштер, біз бар күшімізді осыған салдық. Сотта зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды толыққанды қорғау үшін кодекстерді, заңға тәуелді актілерді зерттеуге тура келді, өйткені адвокаттармен мәселелеріміз болды, енді олардың кейбіреулеріне сенбеуге себеп бар. Бізге бірнеше рет опасыздық жасағандықтан, біз туралы көптеген негатив пікір жазылады, біз командаға бөтен адамдарды шақыруға қорқамыз, сондықтан командамыз өте кішкентай – уақыт және қиын процесстер сынағынан өткен төрт адам.



Заң әйелдерді ұруға рұқсат берсе, бұның ділге я дәстүрге қатысы жоқ, мәселе заңда


Біз таңдаған әдісті тиімді деп санаймын. Зорлаушылар қорқатын ең басты нәрселер – жария болу, оларды біреудің танығаны, түрмеге отыру. Олар бұдан үрейі ұшып қорқады. Және, біріншіден, біз адамдардың басынан өткені туралы ашық айтуына қол жеткіздік, екіншіден, біздің хикаяларымыз заңның өзгеруіне ықпал етті: [2020 жылы Қазақстанда] зорлаушылардың жазасын күшейтті және тараптар татуласуының күшін жойды.



Біздің елде жиырма жыл зорлаумен татуласқан. Татуласу әдеті әлі күнге дейін сақталған, құқық қорғау органдары әлі күнге дейін жәбірленушіні зорлаушымен татуластыруға тырысады, оның өтініш жазғанына жеткізбей, зорлаушымен татуластырудың жолын іздейді, ақша төлеткізеді, олар да осыдан пайда көріп, іс қозғамайды. Енді мұны істеу мүмкін емес: егер әйел өтініш берсе, онда сот болады. Зорлаушының соттылығы болады: әйел соттың зорлаушыға ең қысқа мерзім беруін сұрап, оған ең қысқа мерзім берген күнде де – оның соттылығы болады. Бұл өте маңызды сәт және «НеМолчиKZ» қозғалысы осындай айтарлықтай нәтижемен тарихқа енді, өйткені біздің қызметіміздің төртінші жылының өзінде-ақ заңға өзгерістер еңгізілді. 2020 жылы президент зорлау үшін жазаны күшейтетінін мәлімдеді – ол кезде қозғалыстың басталғанына төрт жыл болды.

Ең бастысы – заңдардың болғаны. Өйткені қоғам қандай да бір дәстүрге я аталмыш ділге негізделмеу керек – заң қоғамға бағыт-бағдар беруі тиіс. Қазір біз Грузияда тұрып, мұнда әйелдерге деген көзқарасты дәстүрмен емес, заң деңгейінде өзгерткеніне куә болып отырмыз. Олар 2014 жылы Ыстамбұл конвенциясына (Еуропа Кеңесінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы күрес туралы Конвенциясы немесе Ыстамбұл конвенциясы — Еуропа Кеңесінің әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы халықаралық келісімі – ред. ескерт.) қол қойып, енді 2014 жылдан бастап заң нормаларын күшейте бастады. Қазір мұнда барлығы әйелді ұрып-соқса, түрмеге отыратынын жақсы түсінеді. Заң әйелдерді ұруға рұқсат берсе, бұның ділге я дәстүрге қатысы жоқ, мәселе заңда.


Зардап шеккендерді құрбан деп ойлау – үлкен қателік, өйткені биік белестерді бағындырған мықты әйелдер өте көп



Ұйымымыздың зерттеуіне бізге келген ересек жасында зорлауға тап болған екі жүз әйел қатысты. Оларға қойған сұрағымыз: «Балалық шағыңызда зорлық-зомбылыққа тап болдыңыз ба?». Олардың 75%-ы балалық шағында сексуалдық зорлық-зомбылық, алымсақтық, зорлау оқиғаларының басынан өткенін айтты. Ересек жасында осы 200 әйелдің 17-сі ғана полицияға жүгінді, елестете аласыз ба? 17 істің бесеуінің ғана үкімі шықты. Бұл зорлау туралы ащы шындық. Яғни екі жүз оқиғаның бесеуіне ғана үкім шығады. Шын мәнінде, зорлау оқиғалары жаңалықта көретінімізден әлдеқайда көп.

Адамның көбі зорлық-зомбылыққа шалдыққан адамды елестетуі таптаурындарға негізделген. Олардың ойынша – болды, ол құрбан, енді ол өмір бойы бәрінен өшін алып, кінәлайды. Менің қызметім туралы да солай айтқандар болды – өзім зорлық-зомбылыққа тап болғандықтан, көрінгеннің бәрін зорлаушы деп айыптайтынымды айтты. Зардап шеккендерді айыптау, мазақ ету – үлкен қателік, өйткені қиындыққа төзіп, биік белестерді бағындырған мықты әйелдер өте көп! Мен біздің көмегімізге жүгінген әр адамға айтатыным: егер, мысалы, жақын адамың зорлаған болса – дос, аға, әке, басқа біреу, негізінен, 80% жағдайда ол зорлаушылар: «Болды, оны жеңдім, ол ешқашан маған қарсы тұра алмайды» деп ойлайды. Бірақ зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер үшін ең басты жеңіс – сол адамды жығып, аяғына тұрып, толыққанды өмір сүру – отбасын құру, бала туу, жұмыста жетістікке жету – бұл сол адамға ауыр тиеді. Әдетте зорлаушылар табысты болмайды, өзіне сенімсіз болып келеді. Олар әлсіз, қорқақ, сондықтан мен үшін зорлық-зомбылыққа тап болған әйел оны зорлаған ер адамнан әлдеқайда күштірек, мықтырақ. Ол әйелдің физикалық әлсіздігін пайдаланса да, өзінің әлсіздігін, ерік-жігерінің жоқтығын танытты, одан әйел рухы шайқалмады. Сондықтан мен зорлыққа шалдыққанымнан ұялмаймын, зорлаушы ұялсын. 




Дөрекі естілуі мүмкін, бірақ мен зардап шеккендерге үнемі айтатыным – “Тұр да бар!”



 
«НеМолчи» қоры қазіргі таңда 112 зорлаушыны соттаған, соттың үкім шығаруына дейін жеткіздік –сот және басқа да тергеу іс-шаралары барысында көз алдымызда өзгеріп, өсіп, өзін-өзі бағалауы жоғарылап, аяғына тұрған әйелдерді көрдік. Тәжірибеміз көрсеткендей, осы адамдардың 20 пайызы психологқа жүгінген, ал қалғандары сотта жеңіске жеткен соң, жақын адамдарының, Қордың қолдауының арқасында аяққа тұрды. Себебі адамдың көбіне қажет ем – агрессорды жазалау. Ең бастысы – жеңіс, өзінің кінәлі емес, зорлаушысы кінәлі екенін түсінген сәт, оның сол жасағаны үшін түрмеде отыратынына көз жеткізу.

Ең үлкен жеңіс – жетістікке жету. Сондықтан әйелдер тек осылай әрекет етуі керек – бәрінің саған жаны ашитын және сен үшін бәріне дайын ортадан қашып, бәрін өзің жасауға тырысуың керек. Себебі тергеушілер бақылауда – жәбірленушінің қолынан не келеді? Ол соңына дейін баруға дайын ба? Прокурорлар әрқашан әйел оған берген ақшаға көніп, сотта өз жауаптарынан бас тартады деп қорқады, сол үшін әдетте прокурор істі сотқа жібермес бұрын жәбірленушіні өзіне шақыртып, бір сұрақ қояды – «Сотта соңына дейін барасыз ба?». Оның соңына дейін баруға дайын екеніне көзі жетсе, оны ұзақ мерзімге отырғызуға дайын болса, прокурор да әрекет етіп, әйелді қолдай бастайды.

Әрине, бұл дөрекі естілуі мүмкін, бірақ мен [зардап шеккендерге] үнемі айтатыным – «Тұр да бар!». Себебі күйеуінен, туысқанынан гендерлі зорлық-зомбылық көрген әйелдерден қоңыраулар көп келіп түсуде, бірақ сотқа жеткенде олар «жақынын» кешіреді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты істер бойынша бізде әлі күнге дейін татуласу қолданылады. Мен оның көмекке мұқтаж екенін түсінемін – кәсіби, психологиялық. Бірақ мен мұндай әйелдер үшін күрескім келмейді, оларды қолдай алмаймын, біз жәбірленушілерге қатаң шарттар қоямыз – татулассаңыз, бізге оралмаңыз. Бұл дұрыс емес, дөрекі шығар, бірақ қолымыздан келгені осы. Біз екі рет көмектеспейтінімізді қатаң түрде ескертеміз, өйткені олай болмаса, әйел сабақ алмайды. Сонымен, егер сен қазір осындай қиын қарым-қатынаста болсаң – тұрып, өзің үшін күрес. «Қалай» күресетінің — екінші мәселе, ал ниет, талпыныс және алға жылжу – ең бастысы. Мұнда бірінші кезекте әйел. Тұру керек – қорқынышты, қиын, күш жоқ, қолдау жоқ – бірақ тұрып, күресу керек.



Гендерлі зорлық-зомбылық қоғамды әйелдер мен еркектерге емес, зорлаушылар және қалғандарына бөлуі керек




Сенім телефонына не мәселемен жүгінетініне қарасақ, әйелдердің заңгерлік кеңес іздейтінін байқаймыз – жаппай құқықтық сауатсыздықты көптеген зорлаушылар өз пайдасына пайдаланады. Құқық қорғау органдары да. Полиция қызметкерлері жәбірленушіге: «Сіз кінәлі емессіз, біз қазір бұл жағдайды бірге шешеміз, біз көмектесеміз! Ештеңеден қорықпаңыз, не болғанын айтыңыз!» –десе, ол, әрине, өзі үшін күресетін еді. Ал өмірде болатыны: әйелдер полицияға келіп, тек айыптау естиді: «Неге іштің, көлігіне өзің отырдың, үйіне өзің кірдің»,– бұл, әрине, сұмдық. Олардың сөздері әйелдерге ауыр тиеді.

Ер адамдардың көбі зорлаушы-ерлердің ерлер қауымдастығына деген ықпалын толық түсінбейді. Себебі әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық қоғамды әйелдер мен еркектерге бөлген тақырып, олай болмауы керек! Қоғам зорлаушылар және қалғандарына бөлінуі керек және жынысқа, гендерге бөліну болмауы керек. Сондықтан біз зорлаушылармен күрескенде зорлаушы емес, агрессор емес ер адамдар бұл тақырыптан аулақ болуға тырысады, пікірін бөліспейді, араласпайды – қолдамайды да, қарсы да емес – ештеңе айта алмайды да, осылайша олар агрессорларды қолдайды! Әйел зорлаушымен бірге-бір немесе әйел әйел үшін күресетін барлық үдерістерге ерлердің араласуы өте маңызды. Біздің НеМолчиKZ қозғалысымыз бірегей, өйткені бізде абсолютті гендерлі теңдік: бізде екі әйел және екі ер адам бар, біз бірдей жұмыс істейміз, әйелдерді қорғаймыз. Сондықтан кез келген уақытта зорлау, кез-келген гендерлік зорлық-зомбылықтың құрбаны бола алатын әйелдері, балалары, қыздары, аналары бар ер адамдар күресімізді қолдап, үлес қосып, ең болмағанда еркек жынысының абыройын қалпына келтіруге тырыса алады.



Мен зорлау туралы ащы шындықты жазамын деп шештім, өйткені көбі оны романтизациялайды, ал шын мәнінде әйелдер азап шегеді




Алғашқыда зорлық-зомбылыққа тап болған адамдардың хикаяларын естіп, оқып, көп жылайтынмын. Мен қайғылы жағдайларды көңіліме ауыр қабылдадым, өйткені біздің тәжірибемізде суицид әрекеттері болды және бір өкініштісі, аяқталған суицидтер де болды. Қамқорлыққа алынған адамдар үшін жауапкершілік жоғары. 2017 жылдың желтоқсанында психологсыз бұған шыдай алмайтынымды түсініп, психологиялық емдеудің екінші кезеңіне бардым, барлық триггерлерімді шығардым, мені зорлаған кезді «қарап шықтым», ойларымды сұрыптадым. Содан кейін кітап жазамын деп шештім, өйткені болған оқиғаны қағаз бетіне түсіру – терапияның бір түрі. Ол кезде хикаяны жариялау жоспарда болған жоқ, мен оны жай ғана өзім үшін сақтағым келді. Себебі сол терапиядан өтсең, сеанстан кейін барлық сезімің жабылып, болғанның бәрін басқа адамның оқиғасы ретінде қабылдайсың. Сондықтан сессия барысында мен психологтың рұқсатымен бәрін диктофонға жаздым. Сол күні үйге келіп, бірден эмоционалды кезімде есіме түскеннің бәрін қағазға жазып алдым. Мен бұны кітаптың бірінші тарауы болады деп ойладым, бірақ ақырында ол соңғы тарауға айналды – ең ұзын, ең ауыр, өте шынайы, ондағы барлық эмоциялар ауыр, тараудың кіріспесінде жазылған жол – бұны оқуға қиналсаңыз, өткізіп жіберіңіз. (Дина Тансаридің «Жертөле» («Подвал» ) кітабы 2020 жылы жарық көрді және Қазақстанның ірі кітап желілерінде сатылады – ред.ескерт.)

Мен зорлау туралы ащы шындықты жазу керек деп шештім. Өйткені кейбіреулер зорлауды романтизациялайды, кейбір әйелдердің «зорлауды қалағанын» айтады. Ер адамдарда «кейбіреулер қаттырақ болғанын ұнатады» деген таптаурын қалыптасты, көпшілігінің жыныстық қатынас туралы түсініктері қате болып келеді. Қазіргі таңда әйелдердің азап шегетінін бақылаймыз, бізде осындай қорқынышты кейстер де болады. Азаптау туралы адамдар үндемейді. «Ол өзі қалады, өзі жыныстық қатынасқа түсті, өзі ішті» – сияқты нәрселер айтады. Зорлау кезінде әйелдер нағыз азапты көреді, бұндай оқиғалар намысты қорлайды, бұл өмір бойы есіңде қалады, оны еш көмексіз ығыстыру тіпті мүмкін емес. Жақсы психотерапевтің болмаса, ол ойлар өмір бойы сенімен болады, өйткені оларды естен шығару мүмкін емес. Менің жағдайымның қиын болғаны сонша, миым ол естелікті бұғаттап тастады... Оның себебін білемін: маған өте ауыр есірткі берген, бұл мен үшін жақсы қорғаныс реакциясы болған шығар – мұны 20 жасымда білсем, психикам шыдай алмас еді. Ал осылайша болған оқиға туралы естелікерім бұғатталды, мен оны жеңе алдым және ары қарай өмір сүре алдым. Қазір бізге келіп жатқан әйелдерге қатты уайымдаймын. Әрине, хикаясы менікіне ұқсас әйелдер келгенде, оны мас қылып, содан кейін айдалада есін жиғанда оған солай жасағанын естігенде триггерленемін... Мен олар үшін қатты уайымдаймын, өйткені олардың сезіміне ортақпын, не болғанын түсінемін.

Әрине, қиын, бірақ мен триггерлеріммен жұмыс істеймін. Менің өмірім, құдайға шүкір, махаббат пен сүйіспеншілікке толы, мені махаббат емдейді. Мен бәріне мұндай жараны махаббат қана емдей алатынын жиі айтамын. Қазір Грузияда тұрамын, отбасымыз тату-тәтті, қызым, немерем, күйеу балам жанымда, бәрін түсінетін жақын адамым, әріптесім бар, біз онымен бірге осы қорды басынан, нөлден құрдық. Мені махаббат құтқаруда.





︎︎︎ВЕРНУТЬСЯ НА ГЛАВНУЮ