Лейла Зулейха Махмудова
Қазақстан/Өзбекстан





Бірінші хикаямыздың кейіпкері – Лейла Зулейха Махмудова, азаматтық белсенді және FemAgora Орталық Азия феминисттік бастамасының негізін қалаушыларының бірі. Басынан өткен жағдайдан кейін ол гендерлі зорлық-зомбылықтың күрделі мәселе екенін түсініп, феминистік белсендіге айналуына түрткі болған. FemAgora Орталық Азия бастамасы өңіріміздің дағдарыс аймақтарының жұмысын қолдау мен кәсіпқойлығын арттыруға елеулі күш салып жатыр.




Назар аударыңыз! Мәтінде триггер бар: физикалық зорлық-зомбылық, психологиялық зорлық-зомбылық, селфхарм




Студент, белсенді, үздік



Бала кезімнен оқуда озат болдым. Кентау қаласының дарынды балалар мектебінде оқып, ол жерде қазақ тілінен олимпиада жеңімпазы атандым. Содан соң Алматы қаласының Сүлейман Демирел университетіне түсіп, ағылшын, қытай тілдерін, сондай-ақ педагогика, психология, оқыту және дамыту әдістерін меңгердім. Оған қоса әлеуметтік белсенділігім де жоғары болды, студенттік кеңестің тұңғыш әйел-президенті атандым. Бұл мен үшін үлкен сынақ болған, өйткені консерватив университетіміздің қыздары менен бұрын да сайлауға түскеніне қарамастан, еңбектері нәтижесіз қалды. Шынымды айтсам, ол кезде болып жатқан жағдайға гендерлік баға бермедім. Менің қолдауым, студенттік дебаттарға қатысу тәжірибем болды – мен көпшілік алдында сөйлей алатынымды, стратегия құра алатынымды түсіндім, бәрі қолымнан келді. Жеңістен кейін ғана университетте қыздарға президент болудың қиындығын түсіндім, өйткені студенттерден де, университет әкімшілігінен де әртүрлі сөз естідім – төзе аламын ба, қыз болған соң қиналмаймын ба. Жұмысымнан гөрі сырт келбетімді жиі талқылады. Мен туралы «күшті, доминант әйел» деген таптаурын қалыптасты – бірақ мен мүлде ондай емес едім, біртүрлі болды. Бұл жағдай өзімнің қоғамдағы гендерлік тәжірибеме назар аударуға түрткі болған сияқты.



Мен "арандатпауға" тырыстым


Университетте болашақ күйеуіммен танысып, жүре бастадым, ал бітіргеннен кейін келесі жылы екеуіміз үйлендік. Үйлену тойына дейін де жігітім мені ұрған болатын, бірақ мен оны ұмытуға тырыстым, ешкімге айтпадым. Қалай айтарымды, неден бастарымды білмеген сияқтымын. Осы жағдайдан кейін бірден Шымкенттегі ата-анама барғаным есімде, бірақ олармен бұл туралы сөйлеспедім, әрі қарай өмір сүре бердім.  Мені ұрып-соғуға өзім итермеледім деп жүрдім –  сол сәттен бастап "арандатпауға" тырыстым, шектен аспау керек деп ойладым.



Қатынасымыз тура сол қалпында дамыды. Мен оның физикалық агрессиясын тудырмау үшін әр сәтімді уайыммен өткіздім, сонда да үнемі психологиялық шабуылға ұшырайтынмын. Бірде менің күшті, ғажап, керемет екенімді айтудан шаршамаса, бірде менің жиіркенішті екенімді, мүмкіндіктерімді пайдаланбайтынымды, басқалардың – яғни оның – қалағанын орындамайтынымды бетіме басып айтатын. Екеуміз бірлесіп білім беру орталығын аштық, сондықтан ол мені тек отбасылық қатынаста ғана емес, жұмысыма қатысты да кемсітетін. Кейін бұл сөздердің жадымда жиналып, еңсемді түсіретінін түсіндім. Үш жылға жуық қатынастан кейін депрессияға батып кеттім. Жатып, төбеге қарап, тек өлім туралы ойлауға шамам жеткені есімде. Мен сол оймен тұрып, сол оймен жаттым.




Өзіме оралу


Маған көмектескен, мені құтқарған жалғыз нәрсе – жұмыс, өйткені мен өз ісімнің шеберімін және еңбегімнің нәтижесі мол, жұмыста біз бірге болғанымызға қарамастан, бұл менің жеке шығармашылығым, жеке еркіндігім еді. Жұмыста мен одан ақылдырақ, күштірек едім, бұл мен үшін өте маңызды болды. Әрине, 12 сағат жұмыс істеудің қиын болғаны сөзсіз, бірақ есесіне жағдайымның нашар екені туралы ойлануға уақыт табылмады. Ата-анама барып тұрғаным да күшті көмектесті, олармен өзімді еркін сезініп, ештеңеге алаңдамайтынмын. Әрине, әрқашан жанымнан табылған, байланыста болған құрбыларым да шешуші рөл атқарды.



Мені Қазақстандағы басқа қалаға конференцияда сөз сөйлеуге шақырды. Ол жерде жалғыз болуға уақытым болды, ойландым, үйленгенге дейін жақын араласқан адамдармен сөйлестім, бұл маған өзіме оралуға көмектесті. Мен өзімнің мықты екенімді, күшті жұмыс істей алатыныммен қатар көңіл көтеріп, адамдармен араласа алатынымды да сезіндім. Онда мен спикерлердің бірімен таныстым – біз онымен түні бойы сөйлесіп, жыныстық қатынасқа түстік. Шынымды айтсам, бұған дейін жыныстық қатынасқа қатысты мәселелерім болатын, өйткені некеде тұрғанда денем мүлде істемей қалғандай, күйеуіммен жыныстық қатынастан бас тартқандай болды, сондықтан мен өзіме қатты ашуланатынмын, бір жерім дұрыс емес деп ойладым. Ал жыныстық қатынастан ләззат алған соң бәрі жақсы екенін түсіндім. Мен Алматыға оралып, ажырасу туралы ойлануға өзіме бір апта бердім.



Қайсысы ауыр тигенін білмеймін – мені ұрып-соққаны ма, әлде бұны ең жақын деп жүрген адамның істегені ме


Бір аптадан соң күтетін ештеңе жоқ екенін түсініп, ажырасуды ұсындым. Бұрынғы күйеуім бұған қатты ашуланып, жанжал шығарды. Бұл бірінші рет емес – біз әлі үйленбеген кезде мен оған ажырасуды ұсынған болатынмын, сонда ол өзімді-өзім өлтіремін деп қорқытты, өзін пышақпен жарақаттады, бір күні тіпті Доместос ішіп, оған жедел жәрдем шақыруға тура келді... Енді бұл қарым-қатынаста өзімді ғана емес, оны да қорғауға тырысқанымды түсіндім. Бұл жолы ол қайтадан қорқытуға тырысты, өте қиын болды, бірақ оған қамқор болуға күшім болмады. Бұл жағдайға бөгде адам көзімен қарап: «Қашан аяқталады екен?» деп күттім. Оған тағы уақыт беруді өтінді. Жағдай бірнеше аптаға созылды. Сосын бір күні таңертең тұрып, бекер әуреленіп жүгенімзді айттым.



Сол кезде ол бәрінің шынында да аяқталғанын түсінген болар. Пәтерден шығайын деген кезде мені ішке сүйреп, ұрып-соқты. Ұрып жатып, ешқашан ризашылық білдірмегенімді, қолымнан түк келмейтінін, нашар әйел, әріптес болғанымды айтып, айыптады. Маған шыдап, бәрін ішінде сақтағанын, ал мен, қасиетсіз, оны қалдырып кетіп бара жатқаныма шағымданды. Сол кезде қайсысы ауыр тигенін білмеймін – мені ұрып-соққаны ма, әлде бұны ең жақын деп жүрген адамның істегені ме. Мен онымен ажырасқаннан кейін қарым-қатынас форматын өзгертіп, жақын адам болып қалатынымызға үміттендім. Бірақ сол сәтте қашып құтылып, енді оған ешқашан жақындамау керектігін түсіндім. Сол кезде сіңлім жанымда болғанына шүкір, содан соң құрбыларым да келіп, еш айыптаусыз, сұрақ қоймай, қасымда отырып, денемнің, жанымның ауырғанын басу үшін менімен сөйлесті.


Қорқыныш, әлсіздік апталап жалғасты


Мені ұрып-соққан соң соққы іздерін құжаттандыру үшін жедел жәрдем шақырдым. Мені ұрып жатқанда не болып, не қойып жатқанын онша түсінбедім, бірақ кейін гуглға «ұрып-соққанда қайда хабарласу керек» сияқты бірдеңе тердім. Бір мақалалар, нөмірлер шықты, оларға қоңырау шалсам, ешкім көтермеді. Сонда жедел жәрдемге шалуды ұйғардым, ата-анам да айтып жіберді. Бұл жақсы шешім болды, өйткені полиция жауап бермеді. Сосын жедел жәрдемнің полицияға [зорлық-зомбылық жағдайлары туралы] жеткізетінін білдім, полиция қызметкерлері маған ауруханада отырғанымда өздері хабарласты. Емханада барлық құжаттар бар болғандықтан, бөлімшелік полиция қызметкері маған болған жағдай туралы арыз жазуды ұсынды. «Арыз жазсам, тергеу барысында күйеуіммен бірге бір кабинетте отыруым керек пе?» - деп сұрадым. Олар «Иә, айыпталушыдан жауап алған сайын қатысуыңыз қажет», - деді. Дәл сол сәтте маған ол адаммен мүлде байланыспау, оны көрмеу маңызды болғандықтан, арыз жазудан бас тарттым.

Мен оны өмірімнен, соның ішінде әлеуметтік желіден толығымен өшірдім, оны барлық жерде бұғаттап тастадым, бірақ соған да қарамастан қорқытып-үркітудің амалын тапты, маған, достарыма және құрбыларыма қоңырау шалды, хат жазды: бірде "Өмірімдегі бақытымсың", бірде "Ең жамансың", - деп жазатын. Басында қатты қорқатынмын – келіп қалатындай немесе көшеде кездестіріп қалам ба деп уайымдадым; оның қорқытып айтқан әр сөзін шындық деп қабылдадым. Ештеңе істей алмайтынын санам түсініп тұрса да, оның сөздерінен психологиялық тұрғыдан оқшаулану қиын болды. Үрей апталап жалғасты –  бұрынғыдай ұйықтап, тамақтана алмадым, тіпті әлсіреп қалдым. Бірақ бір жағынан бәрі аяқталғанын түсініп, жеңілдеп қалғаным есімде. Бұл сезім маған сүйеніш болды, бәрін артта қалдыра алатыным, өмірімде енді оның болмайтыны. Тіпті мені ұрғаны жақсы болған шығар деп ойладым, себебі бұл болмаса, ұзақ уақыт бойы өзімді қинап, оған қамқор болуға тырысып, қасында жүре берер едім – оның алдындағы кінәмді өтеу үшін қаншама күш жұмсар едім.


Құрбыларым менің дағдарыс орталығыма айналды



Басында өзіме көмектесуге мүлде күшім болмады. Құрбыларым мені өз үйіне алып кетті де: «Енді бізбен тұрасың, тамағыңды ішіп, ұйықтасаң болды», - деді. Бірнеше апта осы режиммен жүрдім. Ешкіммен сөйлескім келмеді, тіпті ата анаммен де – тек тамақ ішіп, ұйықтап, кейде серуендегім келді. Сол кезде жолым болды: құрбыларым менің дағдарыс орталығыма, панама айналды. Олар маған тамақ беріп, менімен қыдырып, сөйлесуге тырысты... Жұмыс істеген білім беру орталығынан шығып кеттім, некем бұзылды, жұмыссыз қалдым, не болып жатқанын да, оны басқаларға қалай жеткізетінімді де түсіну қиын болды. Сол сәтте басымнан өткен жағдайлар туралы, болашақ туралы ойламауға өзіме рұқсат еттім. Кейін қызық ойлар пайда болды, мысалы, желтоқсанда Ыстықкөлге жалғыз өзім барып, бір түсініксіз такси жүргізушісімен жағалауды айналып шықтым. Сондай импульсив тілектерім пайда болды, ал мен, бақытыма орай, оларды орындауға мүмкіндігім болды. Бар жинаған ақшамды Грузияға саяхаттауға жұмсадым, аяқ астынан, күтпеген жерде жасаған әр әрекетім отбасым мен құрбыларымның қолдауының арқасында мүмкін болды.



Әртүрлі қыздар мен әйелдерден қолдау көп болды, көбі өз хикаясын бөлісті


Басында бәрі артта қалып, аяқталғандай сезім болды. Бірақ шынында бұл тәжірибе өмірімнің бір бөлігі, менің бір бөлігім. Үнемі оған қатысы бар заттардан қашып жүре алмайтынымды түсінемін, амалын тауып бұнымен жұмыс істеуім және қабылдауым керек. Болған оқиғадан кейін кінә мен ұят сезімі болды, өйткені күйеуім мені ұрғанын мойындау – өз қателігімді, қырсықтығымды мойындаумен тең деп ойладым. Егер мені тіпті ең жақын адамым ұрса, бұл бейтаныс адамдардың бұдан да жаман әрекетке бара алатынының белгісі ме?



Мен Фейсбукта ажырасқанымыз туралы жаздым, содан соң бұл туралы әртүрлі адамдармен сөйлесуге тырыстым, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырғанымды, бұл жағдайдың мені қатты өзгерткені туралы ашық айттым. Мұның бәрі бір нәрсені түсінудің тәсілі болды: осыдан кейін адамдар маған қалай қарайды? Менің қорқынышым, күмәнім шындыққа жанаса ма? Кей адамдар менімен араласпай кетті – жақсы болды, өйткені мені немесе зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарды кінәлайтындармен араласпағаным жөн. Сондай-ақ әртүрлі қыздардан, әйелдерден, ең алдымен, екеуімізді де танитын және жағдайды түсінетін адамдардан қолдау көп болды, бұл маған қатты көмектесті. Басқалар хикаяларын бөлісе бастағанда не істерімді білмедім! Бәрі гендерлі зорлық-зомбылыққа, сексуалды зорлық-зомбылыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қайдағы бір ойдан шығарылған ауыл тұрғындары тап болады деп ойлайды ғой, ал шынында олардың таныстары, зиялы қауым,  көп тіл білетін орта тап өкілдері, тіпті мықты деген құрбысы да бұған тап болыпты... Мүмкін бұл оқиғадан кейін олар біздің бұған кінәлі емес екендігімізді, қырсық, жаман болғанымыздың қатысы жоқ екенін түсінген болар. Бұған кез келген адам тап болуы мүмкін. Бұл біздің кінәміз емес, ең алдымен осындай қылмыс жасаған адамдардың кінәсі, екіншіден, бұған қарсы әрекет етуді білмейтін жалпы құрылымның [қоғамның] кінәсі.



Гендерлі зорлық-зомбылық – ауыр тақырып, бірақ бұл көп жағдайда әйел тәжірибесінің бір бөлігі болғандықтан, одан үндемей қашудың мағынасы жоқ


Мен некеде тұрған кезімде де әйел құқықтарына қызығушылық таныттым, бірақ өз басымнан өткен жағдайды бөлісіп, мені айыптамайтын, жала жаппайтын адамдарды көргенде ғана гендерлі зорлық-зомбылық тақырыбына ерекше назар аударып, оны зерттей бастадым.  Иә, бұл өте ауыр, өте қиын тақырып, бірақ бұл теңгерімі жоқ гендерлі динамиканың және әртүрлі езгі формаларының кесірінен пайда болатын әйелдік тәжірибеміздің бір бөлігі. Бұл бар нәрсе, оны үнсіз қалдырудың немесе одан қашудың жоқ. Әрине, маған әлі де өзімнің немесе біреудің тәжірибесін жариялау, оны тыңдау қиын, әсіресе оған қатысты реакциялардың әртүрлі болуы мүмкін екенін түсінгенде. Адамның көбінде, әсіресе оған тап болмағандарда, ер адамдарда зорлық-зомбылыққа тым техникалық көзқарас қалыптасқан – "неге айтпасқа, неге кетпеске".

Мен бұның күрделілігін рационалды қабылдап қана қоймай, сезетінімді түсінгенде өз потенциалымды аңғардым. Өкінішке орай, бұл потенциалды жүзеге асыру, ойларды, хикаяларды жеткізу қиын, енді қайтесің – көп нәрсемен солай болады. Сол үшін менің тәжірибем белсенділігімнің үлкен бөлігіне айналды. Әйел құқығы үшін шеруге шыққанда немесе феминизм, құрылымдық мәселелер туралы ой қозғағанда мемлекет немесе корпорациялар зорлығымен қатар одан әлдеқайда күрделі мәселе - тұрмыстық зорлық-зомбылық бар екенін ұмытпаймын. Бұл зорлық-зомбылық түріне өзің сенетін, кетуге қимайтын ең жақын адамдарың жауапты. Араларыңдағы қарым-қатынас қандай болса да, осы зорлықтың жарасын жабатын нәрсе болады. Жылы сезім, жақындық - бұлардан бас тарту өте қиын. Сол үшін маған осы құрылымның ішіндегі байланыстар мен мәселелерді толық көру үшін феминисттік перспективамның болғаны аса маңызды.



Қазіргі таңда гендерлі зорлық-зомбылыққа қарсы күресу FemAgora аясындағы жұмысымыздың елеулі бөлігін құрайды. Біз зорлыққа тап болған адамдармен тікелей жұмыс істемесек те, Орталық Азияның феминисттік қозғалыстарын, олардың жетекшілерін, белсенділерін қолдаумен айналысамыз. Бірінші кезекте дағдарыс орталықтарымен, олардың басшыларымен, қызметкерлерімен, жобаларды жүргізіп жүрген белсенділерімен, жұмылдыру және ақпараттандыру науқандарымен жұмыс істейміз. Биыл осы қызметіміздің төңірегінде біз гендерлі зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге тиімді көмек көрсету үшін – тек әйелдерге ғана емес, трансгендерлі, бинарлы емес тұлғаларға да – пандемия кезінде барлық сынақтан өтіп, бірегей иновациялық шешімдер ойлап тауып, жүзеге асырған әртүрлі белсенділердің тәжірибесі туралы Орталық Азия бойынша дағдарыс орталықтары жайлы жазбамызды жарияладық︎︎︎.
 


Зардап шеккендердің әл-ауқаты мен қауіпсіздігі оларды қолдаудың ең негізгі түріне айналуы керек



Менің байқауымша, алғашқы кезде зорлық-зомбылыққа тап болған адамдар өзіне-өзі көмектесе алуы екіталай. Алғашқы кезең, дағдарыс уақыты –  бұл толық дисбаланс және өз тұлғасын сол тәжірибемен байланыстыру кезеңі. Сондықтан маған медиада көрсетететін зорлық-зомбылықтан аман қалып, содан кейін өздері аяққа тұрып, табысты болып кеткен әйелдердің бейнесі  ұнамайды. Менің ойымша, зардап шеккендердің қалпына келу барысын бұлай түсіну қате. Егер сол сәтте өзге адамдар саған көмектесе алмаса, олардың қажеті не? Егер сен сол сәтте бәріне жалғыз өзің төзе алсаң, қалған уақытта басқалардың қажеті болмайды! Сені сындырып тастаған нәрсеге өзің төтеп бере алсаң, онда мемлекет құрудың, салық төлеудің, әлеуметтік байланыстарды сақтаудың, дауыс берудің, заңдар туралы алаңдаудың қажеті не болмақ? Сондықтан сол сәтте бір-бірімізге бере алатын ең қиын әрі ең маңызды нәрсе – қолдау, ұйымшылдық сезімі. Мені бұл жағдайда құтқарған - құрбылары. Олар менің өз үйіне паналауға кіргізген еді. Олардың қолдауынсыз, төзімім жетпей, ұзақ уақытқа басқалардан алыстап кетер едім. Сондықтан дағдарыс орталықтары, олардың жұмысы мен үшін өте маңызды, және Біз, FemAgora осыған ерекше мән беретініміз де жеке өзіме өте маңызды.

Полицияның немесе дәрігерлердің реакциясына келетін болсақ, олардың үлесі шамалы ғой: дәрігерлер сені қарап, физикалық денсаулығыңды ғана бақылайды, ал полиция, негізі, сенің қауіпсіздігіңді қамтамасыз етуі керек, тергеу жүргізіп, істі сотқа беруі керек – бұл бәрібір зорлық-зомбылыққа тап болған адамның басынан өтетін нәрселердің бір бөлігі ғана, ал ең бастысы – олардың күнделікті өмірі. Оның қайда жататыны, не жейтіні, жанында кім бары, басқалар оған қандай сұрақтар қоятыны, қайда серуенге шыға алатыны, сыртқа шыққанда немесе үйіне кіргенде өзін қауіпсіз сезінуі. Дағдарыс орталықтарының осы қауіпсіздікті, жайлылықты, ертеңгі күнге деген сенімділікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті ресурсы болса, адамдар таңертең оянып, бәрі жақсы болатынын, тамақтана алатындығын және олардың жанында сенімді, жылы қатынас орнатқан адамдар болатынын білсе, жақсы болар еді. Оларға қандай да бір сұрақ қойса, тек оның жағдайын білу үшін, қажет болса, қалай қолдау көрсету керектігі туралы білу үшін, адвокатпен, психологпен, дәрігермен, әлеуметтік қызметпен байланысқа шығуын қамтамасыз ету үшін... Яғни дағдарыс орталығы – бұл зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамға көңіл бөліп, одан ешбір түсініктеме талап етпей, өзін емін-еркін ұстауын қамтамасыз етудің жалғыз әдісі сияқты. ІІМ, Денсаулық сақтау министрлігі немесе басқа институттар туралы айтпас бұрын, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге расында қалпына келіп, өз тұтастығын сезініп, басынан өткен [зорлық-зомбылық] тәжірибесінің маңызды, бірақ олардың өміріне толықтай әсер етпейтінін түсінуге көмектесетін дағдарыс орталықтарын қолдауға адамдардың, мемлекеттің, ұйымдардың қанша ресурсы бар екенін білгім келеді.



Ешкім бұдан жалғыз өзі өтпеу керек



Мен «ешкім зорлық-зомбылыққа тап болмауы керек» дей алмаймын, өйткені оған тап болады және бұған әйелдер кінәлі емес. Бірақ бір затты нақты айта аламын – ешкім бұдан жалғыз өзі өтпеуі керек. Әрқайсымыздың көмек пен қолдау сұрауға құқығымыз бар, бірақ кеңес беру форматында емес, негізгі алғашқы қолдау – тамақ дайындау, жанында болу, бір жерге бірге бару, серуендеу…
Егер сіз зорлық-зомбылыққа жиі тап болсаңыз, бұл туралы тіпті күліп айта аласыз немесе елемей, әдеттегідей өмір сүріп, жұмысқа бара аласыз, бірақ бұл бәрі жақсы деген сөз емес. Бұл сіздің өте мықты екеніңізді және өз мақсатыңызға жету үшін күш пен ресурсыңыз жететінін, өзіңізді басқа саладан таба алатыныңызды білдіреді. Қазірдің өзінде бұны тоқтату үшін зор еңбектеніп жатырсыз, бірақ бұл мәселені шешу үшін, сол өмірден, адамнан алыстау үшін, кету үшін басқа адамдарды тартып, жұмылдыруыңыз керек. Мен қандай да бір жағдайдан толығымен шығуға болатынына сенбеймін, өйткені ол адамдар бізге қаншалықты жиіркенішті болса да, оларды өмірімізде кездестіріп тұрамыз. Содан соң қалай ары қарай өмір сүру керектігін түсінуге тырысамыз. Бірақ ең алдымен өзіңіз үшін ең қауіпсіз ара қашықтықты сезіп, анықтауыңыз керек, бұны жүзеге асыру үшін көмек пен қолдау қажет болады.






︎︎︎НЕГІЗГІ БЕТКЕ ОРАЛУ