Мөлдір Албан
Қазақстан





Зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз – айтыңыз, үндемеуге болмайды. Ата-анаңыз қолдамаса, қолдайтын басқа адам табылады




Назар аударыңыз! Мәтінде триггер бар: сексуалды зорлық-зомбылық, физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық, селфхарм




Белсенді әрі көңілді бала едім, бірақ ерте есейіп, мұңайып, көп ойлана бастадым



Өмірімдегі зорлық-зомбылық тарихы балалық шағымда, төрт жасымда басталды – бұны бес жыл бұрын ғана есіме түсірдім, белсенділігім де содан басталды. Оған дейін белсенді әрі көңілді бала едім, биді ұнататынмын. Есімде: ата-анамның достары үйге қонаққа келген, бәрі билеп жүр, ал мен үстелге тұрып, баян сүйемелдеуімен ламбада биледім. Бұрын осындай едім. Ал сексуалды зорлық-зомбылыққа тап болған соң ерте есейіп, мұңайып, көп ойлана бастадым. Ол мастурбация демонстрациясы болды, кішкентай балаға қолын иіскетті – төрт жасымнан ер адамның жыныс мүшесінің түрін, иісін білемін.

Ал мені 18 жасымда зорлағанға дейін қандай болдым? Болашаққа жоспары бар сүйкімді, ұялшақ қыз –  модельер мансабына ұмтылдым, бірақ сыныптастар кездесуінде сол бір жағдайға тап болдым. Оны істеген менің сыныптасым, ол алдын-ала мен ішкен шампанға және басқа сусындарға бірдеңе араластырған, бұған басқа сыныптастарымның, ұлдардың қатысы болуы да мүмкін. Мен жарты жыл бойы қатты күйзеліп жүрдім, арықтап кеттім, ешкіммен араласпадым, айнаға қарамадым, онда көретін қорқынышты жаратылыстың кескінінен қорқатынмын, бәрі маған үреймен қарап: «Сенімен не болып жатыр?» – деп сұрайтын. Құрбым бәрін айтып беруге мәжбүр етті: «Сенімен не болып жатыр? Менің білуім керек, айт», – деді. Түні бойы жыладым, содан кейін ғана адамдарға бірте-бірте ашыла бастадым. Бірақ екі жыл бойы ер адамдарға жақындамадым, олардан қорқатынмын, қашқақтайтынмын, қалаға шықсам, олардан қауіп төнетіндей көрінді.



Осыдан 13 жыл өткен соң ғана анама болған жағдайды ашатын хат жазып, одан кешірім сұрадым – бұл біздің менталитетімізді анық сипаттайтын жайт: уәдемде тұрмағаным, пәктігімді сақтамағаным үшін кешірім сұрадым. Бұл хатты жазбас бұрын журналисттер мен құқық қорғаушылар алдында осы жайлы сөйлегенімді мойындадым, анам бұл жаңалыққа агрессив түрде жауап берді – бұл тақырыпты қозғағаным үшін айыптап, оны ұятқа қалдырғанымды, енді мені көргісі келмейтінін айтты... Қолдаудың орнына осындай реакция алғаныма ренішімді сол хатта сөзбен білдірдім. Хатта сұрағаным – Неге мен кінәлімін? Мені не үшін айыптайсың? 13 жыл бойы не көргенімді білдің ғой! Шамамен он жыл бойы үрей шабуылдарына ұшырадым, бұл жай ғана тұншығу я қорқыныш емес — үрейден сіңірлерім тартылып, шыдатпай ауырды. Алғашқы шабуылдардың қатты болғаны сонша, реанимацияға жатқызды, анам оны өз көзімен көрген. Жеке әңгімелескенде анам маған бір нәрсе болғанын түсінгенін, бірақ ол туралы сөйлесуге батылы жетпегенін мойындады. Анам мен әпкелерім бұны әкеме айтқанымды қаламады, бірақ мен оларды тыңдамадым. Әкеме оқиғанын мән-жайын түсіндіріп, SMS жаздым, оны оқыған соң біраз уақыт салынып ішті. Ішкенін қойғанда оның маған деген көзқарасы күрт өзгерді – маған жақындай түсті, нәзік әрі жылы болды. Менің ойымша, бұның бәрі сол бір сәтті байқамай, елемей қалғаны үшін өзін кінәлі сезінгенінен. Психотерапияның және ашық сөйлесуіміздің арқасында қарым-қатынасымыз әлдеқайда жақсарды. Әкем бала кезімде болған жағдайды әлі білмейді, бірақ мен оны жасырмаймын, өйткені бұл менің тәжірибем, мен ол туралы ашық айтуға, оны жария етуге құқығым бар.



Өмір сүру құқығым үшін еркектерге қарсы күресім осылайша басталды


Сексуалды зорлық-зомбылық менің мінезіме тікелей әсер етті, танымастай өзгердім. Армандарым да, мақсаттарым да. Ер адамдармен жарыса бастадым. Үйдегі жағдай да соған септігін тигізді, өйткені отбасымызда кілең қыздар болғанына бәрі өкінетін. Осының арқасында бәсекелестік рух қалыптасты – «мен бармын ғой, мен істей аламын, қолымнан келеді, қараңдар!». Қуыршақ ойнағаным да есімде жоқ, көбіне әкеммен уақыт өткізетінмін, мектеп бітіріп, қалаған университетіме түсе алмаған соң әскери қызметпен айналысамын деп шештім.


Болашақ радиошыларды қабылдау басталғанын естідік. Барлық емтиханды жоғары бағаға тапсырып, әскери қызметке кірістім. Бұл жұмыстың қасқыр мінез қалыптастыратыны бар – бір орынға бірнеше еркекпен таласасың. Әдетте ол жерге әйелдерді алмауға тырысады, орның ас бөлмеде дейді, құжатпен, іс қағаздармен жұмыс істеткізіп қояды. Ал мен көбіне әйелге тапсырмайтын, «еркектердің» қызметін атқаратынмын – осыны қалайтынымды, қолымнан келетінін дәлелдей алған әйел болдым!

Бұл менің қызмет тізімімнен-ақ байқалады: радиошы болып бастадым, кейін радиобайланыспен, ультра- және қысқатолқынды таратқышпен, байланыс қадауы, антенна сияқты техникамен жабдықталған машинаға жауап беретін радиостанцияның бастығы болдым. Жауынгерлік немесе жаттығу дабылын естіген сайын радиостанция бастығы өзіне бағыныштылармен – жүргізуші және тағы бір радиошымен – шекара жасағына аттанады. Маған осындай далалық, жауыгерлік жағдайда өмір сүрген ұнайтын, қолымнан келетінін сездім. Өзімді еркін сезіндім.


Әйелсің, сол үшін қолыңнан келмейді дегенге қарсы тұрып, өзгересің


Қызметімнің бірінші күнінен-ақ: «Сен әйелсің, саған ауыр көтеруге болмайды», – деп айтатын. Жеті, он шақырымдық маршрут жүрген кезде еркектер менің аутоматымды, затқапшығымды тартып алуға тырысты, «Әлі бала көтересің ғой», – дейтін. 19 жасар қортық болып алып, «Жоқ, өзім!» – деп жауап беретінмін. Осыған қарсы тұру арқылы қолымнан келетінін іспен дәлелдедім. Қызметтестерімнің есінде осындай болып қалдым.

Қызметімнің басында әскери қызметке дайындалуға жіберді. Ол жерге келген тексерушілер мені көріп, таңғалды. Сонда қазір марқұм полковник жасымды сұрады, «Он тоғыз», – деп жауап бердім. Сонша балағаттағанды бірінші рет естуім! Ол: «Сен сияқтылар жоламасын деп жыл сайын қызметті күрделендіреміз, сонда да шұбырып келесіңдер! Мұнда не жоғалттыңдар?» – деді. Сол кезде осындай пікірге бірінші рет тап болдым. Қызмет барысында сол полковник онымен «кездесуге» тырысқаным үшін талай рет шу шығарды. «Көзімнің тірісінде, мен жоғары қызметте отқанша атақ та, лауазым да, дәреже де алмайсың!» – деп айтатын. Ал мен: «Маған бәрібір, онда қатардағы жауынгер болып жүре беремін», – деп жауап бердім.

Оның айтуынша, [әйелдерге қызметті] әдейі күрделендірді. Менің ойымша, бұл жердегі патриархаттың шоғырланғаны сонша, өзін басқалардан жоғары санайды. Бәрі сондай деп айта алмаймын, өз орнына лайық адамдар да жетерлік – олар жынысыңа емес, тұлғаңа, біліміңе, тәжірибеңе қарайды, бағалай біледі, оларды да кездестірдім. Қазір жағдай өзгеріп жатқан сияқты, заман да, жүйе де бірте-бірте өзгереді деген үміттемін. Бұл ұзақ әрі көп еңбек талап ететін үдеріс, мен қызмет етіп жүргенде де арыз жазып, өз құқықтарын қорғаған, қызметіне қайта оралған әйелдер болды. Оларға тәнтімін! Кезінде бұл қолымнан келмеді, рухани да, басқа да күш жетпеді. Тоқтаусыз күресу мәнсіз, өзімді басқа саладан табу керек деп шештім. 


Айтылмай қала беретін қылмыстар саласында өзгерістер қажет


Белсенділікке келмес бұрын менен сексуалды зорлық-зомбылық мәселесінің төңірегінде немен айналысқым келетінін сұрады. Басқа зардап шеккендерге көмектесіп, ерікті болғым келеді, зорлық-зомбылыққа зорлаған адамның кінәлі екендігі туралы айтқым келеді деп жауап бердім. Досым екеуіміздің арамыздағы бұл әңгімені жиі еске алдым. 2016 жылы MeToo-дің «Мен айтудан қорықпаймын» науқаны басталды, содан кейін бізде «Не молчи» өтті, Дина Тансари [постын] жазды. Мен оның жекесіне осы қозғалысқа қатысып, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмектескім келетінін жаздым. Ол кезде біз бұл жолдың қайда апаратынын және не істейтінімізді білмеген едік.



Бір кезде «БҰҰ-әйелдер» Құрылымы феминисттермен, құқық қорғаушылармен кездесу ұйымдастырған, онда Гала Петри (грузин феминисті, құқық қорғаушы, журналист – ред. ескерт.) екі күн бойы тренинг жүргізіп, феминизм туралы сөйледі. Соңында ол инцест және оның адам жағдайына өмір бойы әсер ететіні туралы бейнебаян көрсетті. Сол бейнені көргенде маған балалық шағымнан естеліктер оралды – көріністер, иістер... Ол жерден қашып, дәретханада өкіріп жыладым. Флешбэктерімнің мағынасын түсіндім. Бұл естеліктер менің немен айналысатынымды анықтауға көмектесті, осы бес жыл бойы мен балалық шағында сексуалды зорлық-зомбылыққа, алымсақтыққа тап болған адамдарды тыңдадым, кездестірдім. Сонда бәрін түсіндім, менің миссиям – осы топтың мәселесін көтеру, көрінімділігін арттыру, сол кезде басқалар болып жатқанның мән-жайын, онымен күресу керектігін білетін болады.

Сол кезде түсінік қалыптасты: айтылмай қала беретін қылмыстар саласында өзгерістер қажет. Мәселен, біз әлі күнге дейін балаларға қатысты зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің нақты санын білмейміз. Ену болмаса, ештеңе етпейді деп саналады. Бұл порно немесе жыныс мүшелерінің демонстрациясы болса да, бала санасына өшпестей із қалдырады, бұл да зорлық-зомбылық. Одан ұялудың қажеті жоқ деп санаймыз – зорлаған, зәбірлеген адамдар ұялуы керек. 


Басымыздан өткен зорлық-зомбылық туралы неғұрлым көп айтсақ, соғұрлым өзімізге де, қоғамға да пайдасы зор болмақ


Осының бәрін бес жыл бойы айтып келе жатырмын, осы уақыттың ішінде сөзіме наразы болған адамдарды жиі кездестірдім, бұның мүмкін еместігін, сирек кездесетін жағдай екенін айтып жатады... Жақында педофилия туралы хикаяларды іздейтінім туралы пост жазған болатынмын, оны кім жасағаны маңызды еместігін, зардап шеккен тараптың мәселесін көтергім келетінін атап өттім. Сонда ер адамдар агрессив «фемкілер» еркектерге қарсы бірдеңе ұйымдастырып жатқанын айтып келді. Біз балаларға қатысты зорлық-зомбылық, педофилия туралы жазған кезде де хейтерлердің қаптап кеткені таңғалдырды. Біртүрлі.

Көбіне бұл постты әйелдер қолдады. Әлі күнге дейін маған адамдарды жылдар бойы туыстың жақыны да, алысы да зорлағаны, тиіскені туралы бірінен-бірі қорқынышты хикаялар келіп тұрады. Олардың әлі ненің жақсы, ненің жаман екенін түсінбейтін, секс және жыныс мүшелері туралы ештеңе білмейтін бала болғанынан басқа еш ұқсастығы жоқ. Сол тәжірибе, үрей, қорқыныш адамның мінезін, басқа адамдармен қарым-қатынасын қалыптастырады. Сондықтан кез келген зорлық-зомбылық оған тап болған адаммен өмір бойы қатар жүреді, адам сол тәжірибемен өмір сүреді. Сұрақ тек қалай өмір сүретінінде.

Кейбір адамдар тіпті өз-өзіне қол жұмсауға да барады. Мен де бірнеше рет тырыстым, бір жыл бұрын қала аралап, секіретін жер іздегенім есімде – мұның бәрі COVID-19-бен ауырып шыққанан ушығып кеткен депрессияның әсерінен. Стационарда, Психикалық денсаулық орталығында емделіп шықтым, психотерапевтпен жұмыс істеп жүрмін. Енді балалық шағында зорлық-зомбылыққа тап болған қыздармен сөйлескенде олардың да депрессияның «қызығын» көргенін, өз-өзіне қол жұмсап көргенін білемін – олардың аман қалғанына және қазір хикаясын бөлісе алатынына шүкір деймін. Сондықтан біз бұл туралы неғұрлым көп айтсақ, соғұрлым қоғамға да, өзімізге де пайдасы зор болмақ, өйткені солайша өз психикамызды осыған бейімдейміз. Айтқан сайын алаңдап, сезініп, сол жарақатпен жұмыс жасаймыз, сәл жеңілдеп қаламыз.

Иә, мен осымен «тыныш» өмір сүріп жүрген қыздарды танимын. Бірақ бұл қорғаныс реакциясы болуы мүмкін – «маған ештеңе болған жоқ, жай ғана жыныстық қатынас ұнамай қалды, не болыпты». Біраз уақыттан кейін мұның бәрі психологиялық тұрғыдан болмаса да, физикалық денсаулықтан көрініс табады. Жақында бір әйел өз тәжірибесін енді-енді мойындай бастағанын және жатырға ота жасайтынын бөлісті. Әйел өз жыныс мүшесін қабылдай алмауы – сексуалды зорлық-зомбылықтың салдарының бірі. Тәжірибе көрсеткендей, біз өз-өзімізге көмектесе аламыз, бірақ өзімізбен, естеліктермен күрес, терапия ұзақ жылдар талап етеді. Қалай болғанда да, жақындардың қолдауымен бұл үдеріс тезірек әрі оңайырақ өтеді. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы айтатын болсақ, бұл жағдайда ата-ананың тарапынан көмек пен қолдау қажет. Ал ересектердің реакциясы әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оларға да басқа адамдардың көмегі қажет.


Біз не істерін білмей жүрген, нақты жоспары жоқ адамдарға көмек көрсетеміз


Досым Кирилл екеуіміз SVET қоғамдық қорын құрдық, онда біз адамдарға кеңес береміз, сонымен қатар оларды психологтарға немесе заңгерлерге бағыттаймыз. Басында біз бәрін өз ақшамызға істедік, бірақ қазір бізде донат жіберетін тұрақты демеушілер бар. Осы қаражаттың арқасында мамандармен жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Бізге кез келген маман жарай бермейді, өйткені, мысалы, ЛГБТИК-қауымының өкілімен жұмыс істеу үшін бізге тиісті жұмыс тәжірибесі бар, досшыл, толерантты психолог қажет. Жұмысымыз шеберлікті талап етеді: алдымен адамға не болғанын, оның не қалайтынын білу керек, сол ақпаратқа сүйеніп, оны сәйкес маманға бағыттау керек, өйткені олардың бәрі әртүрлі қызмет атқарады. Бірі бала, бірі ересек психологиясына маманданған, бірінің зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен жұмыс тәжірибесі бар, сондықтан біз әр адамды қайда бағыттайтынымызды жеке қарастырамыз.



Жұмысымыз былтыр басталды, ең бірінші ісіміз – пышақпен жаралау орын алған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты даулы іс. Бұл істің шешімі әлі шықпады, ол ер адам маған сотқа берді, енді тыңдалуына дайындалып жатырмыз. Ол кезде біз адвокат жалдаған едік, бірақ кейін үлкен қателік жасағанымызды түсіндік. Адвокат ісін аяғына дейін жеткізбеді, сотты өмірге қастандық болғанына көндіре алмай, істі әкімшілік сотқа жеткізіп, денсаулыққа жеңіл зиян келтірген деп саралауға жол берді, әлсіздік танытты. Бірақ қазір басқа заңгеріміз бар, онымен тұрақты жұмыс істейміз, кеңес аламыз. Ол істі Жоғарғы сотқа жеткізе алады деп үміттенеміз. Сондықтан да бізге заңгерлік кеңес алуға келсе, мамандарымызға бағыттаймыз, ал сот, істер шығып, адвокат қажет болса, сәйкес маман іздеп, оған донат жинаймыз, өйткені заңгерлік қызметтің бағасы жүз мың теңгеден басталады.

Бізге түсетін өтініштердің көбі – кеңес беру. Еш жерде нұсқаулық та, нақты алгоритм да болмағаннан адамдар не істерін білмей, бізге хабарласады. Осындай жағдайда қажет болатын кітабымыз қарапайым жинақ болмайды: ол адамның өз-өзіне көмек көрсету жолдары мен педофилия жағдайында ата-анаға қажет кеңестерді қамтитын болады. Болашақта осы тақырыпқа нұсқаулық әзірлегіміз келеді. 


Өзімізді, өз сезімдерімізді дұрыс түсініп үйренсек, жыныстық тәрбиеге мән берсек, зорлық-зомбылық, алымсақтық әлдеқайда азаяды


Былтыр достарыммен қазақ тілінде «Сұрағым бар» атты әлеуметтік жоба бастадық. Қазақстан халқының басым бөлігі қазақтілді, бірақ жыныстық тәрбие туралы қазақша ақпарат өте аз. Пәктік, жыныс мүшелері, контрацепция сияқты мектепте өтетін нәрселер туралы сұрақ өте көп болды, сұрақ қойғандардың арасында тек 16-17 жасар жастар ғана емес, 30, тіпті 40 жасар ересектер болды. Жыныстық тәрбиенің болмауы – үлкен қателік, бұл салада шектеулер көбейе берсе, дамуымыз да тежеледі. Ағарту жұмыстары қажет, жоғарғы-төменгі тап, бай-кедей деп бөлмей, бұл ақпаратты еліміздің басым бөлігін алып отырған өңірлердің түкпір-түкпіріне жергілікті халықтың ана тілінде тарату керек. Өзімізді, өз сезімдерімізді дұрыс түсініп үйренсек, жыныстық қатынас туралы ақпаратты зерттесек, зорлық-зомбылық, алымсақтық әлдеқайда азаятынына сенімдімін.
Сондай-ақ биыл бөтен адамдармен кездесуге баратын әйелдерге арналған «Сақтан» жобасын бастадым. Қазіргі кезде бәріміз әлеуметтік желіде, онлайн танысамыз, адамдарды жеке танымаймыз. Аяжанның өлімі туралы хикая (2021 ж. наурыз айында Алматыда кісі өлтіруші 19 жасар Аяжан Еділованы өлтіріп, мәйітін бөлшектеген, іс қоғам назарына ілінді, қыз өлтірушісінің пәтеріне өзі кіргені туралы болжам бар – ред. ескерт.) зорлаушыға я кісі өлтірушіге тап болуымыз мүмкін екенін анық көрсетті. «Сақтан» жобасы жеке тәжірибеме негізделген. Үйден шықпас бұрын кездесетін адамым туралы барлық мәліметті, оның суретін, телефон нөмірін, жұмыс орнын, мекен-жайын құрбыма жазып, кездесуге кетіп бара жатқанымды, қашан келетінімді ескертемін. Белгіленген уақытта байланысқа шықпасам, құрбым дабыл қаға бастайды. Осылайша өзімді қауіпсіз сезінемін. Жоба ақпараттық арна және чат түрінде басталған, ол жақта әйелдердің бір-біріне көмектесуге мүмкіндігі болды, заңгер де қосылды. Жоба уақытша тоқтатылған, бірақ біраздан соң оны қайта іске қосып, онда өз-өзіне көмектесу жолдары туралы ақпарат қосамыз деп ойлаймын. Қазір, тап осы жағдайда қоғамды өзгерте алмаймыз, сондықтан өзгерістерге, дамуға дайын емес адамдардан өзімізді қорғау мақсатында осы «балдақты» жасап шығардық.



Айтылмаған қылмыс жазасыздыққа апарады, ал жазасыздық қайтадан зорлық-зомбылыққа алып келеді


Зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз, ең бастысы – көмек сұрау. Сенім қалыптастыру үшін, қауіпсіз орта құру үшін ата-ана өз баласымен ашық сөйлесуі керек. Ата-ананың баламен байланыс орнатуы қажет – баланың жасына қарамай – сөйлескенде не істесе де оны сүйетініңізді, бағалайтыныңызды айтыңыз, шарт қоймаңыз.

Зорлық-зомбылық орын алған болса, үндемеуге болмайды. Ата-анаңыздың сізді қолдамайтынын білсеңіз, басқалар қолдайды. Қазір феминисттік қауымдастықтар өте көп, олар тікелей зорлық-зомбылық мәселесімен айналыспаса да, сізді қайда бағыттау керектігін біледі. Кез келген фем-қауымдастық әлеуметтік мәселе немесе зорлық-зомбылық сияқты қиын өмірлік жағдайға тап болған әйелдерге көмектесетін ұйымдар туралы біледі. Бізге немен айналысатынымызды және қалай көмектесе алатынымызды білетін адамдардан өтініштер көп келеді. Олар отбасынан қолдау таппаған адамдар: жиі еститініміз – үйдегілер қолдамады, сөзіме сенбеді, өзің кінәлісің деді. Олар бізге келіп, керегін табады – қолдау. Не істеу керектігін білмесеңіз, білетін адамдарға барыңыз.

Құқық бұзушыны жазалауға тырысу керек. Қандай жағдай болмасын, айтылмаған қылмыс жазасыздыққа апарады, ал жазасыздық зорлық-зомбылықтың көбеюіне әкеледі. Бұл адам мұны сізге ғана емес, басқа адамдарға да жасауы мүмкін. Біз үндемесек, бұл тақырыпты қозғамасақ, бәрі осымен аяқталады деп ойласақ та, зорлық-зомбылық жалғасады, ол адам өз әрекеттерін жалғастырады. Біз мұны үнемі жадымызды ұстасақ, тек өзіміздің ғана емес, басқа адамдардың да қауіпсіздігі біздің әрекетімізге тәуелді екенін түсінсек, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдар саны күрт азаятынына сенімдімін.
 


Шегі жоғын біліп, ары қарай осы бағытта әрекет ете бергім келеді



Бұрын мұндай әңгімелерді неғұрлым көп естісем, соғұрлым халім нашарлай түсетін, ал қазір керісінше – неғұрлым көп жұмыс жасасам, соғұрлым аз негатив қабылдаймын. Қазір хикаялардың бәрін естіп, түсінсем де, мүлде жыламаймын, жүрегім ауырмайды, бұрынғыдай деструктив күйге түспеймін, орнымнан тұра алмайтындай жағдайға жеткізбеймін. Бұрын эмоционалды тұрғыдан сөніп, жарақаттан, флэшбектен, естеліктерден қатты қиналатынмын.

Зорлық-зомбылық және гендерлі дискриминация мәселелерімен айналысатын кез келген белсенді «сөнуге» шалдығады. Неден сөнеді? Әлсіздіктен! Не істеріңді білмегеннен! Бұрыннан қалыптасқан жүйенің бар екенін, адамдар қолындағы билікті басқа біреуге беруге дайын емес екенін, иерархияда жоғары, күшті болу мүмкіндігін сақтағысы келетінін түсінесің. Әрекеттеріңнің бұл иерархияға әсер етпейтінін, бұл жүйені бұзу үшін одан да көп күш, одан да көп адам қажет екенін түсінесің – осыдан эмоционалды сөну пайда болады.

Иә, кейде «Мұның бәрі не үшін?» деп ойлаймын, өйткені айналадағылар позитив пікірден бөлек кейде орынсыз кеңес айтатыны да бар: Неге тұрмысқа шығып, бала туып, әйел бақытына ұмтылмайсың? Неге өміріңді осы жұмысқа арнайсың? Қанша жерден өз бақытымызға өзіміз жауапты екенімізді білсем де, осындай пікірлер бір уақытта бірнеше адамнан келгенде ойланып қаламын. Шынымен де уақытты босқа құртып жүрмін бе? «Бәрін тастайтын шығармын», – деген сәтте-ақ көмек сұрап келетін адам табылады.

Мен ауруханадан, Психикалық денсаулық орталығынан шыққан кезде маған бірнеше адам: «Енді тоқтайсың ба?» – деді, сонда өзіме қатты күмәндана бастадым. Сол сәтте маған бір әйел хабарласып, күйеуі қызына тиіскенін айтып, көмек сұрады. Мен: «Бұл қашан болды?» – десем, «Бүгін» деді. «Бұны қалай білдіңіз?» – «Мен жұмыстамын, 10 жасар қызым маған: «Әкем осылай істеді, бұл жаман ба?» – деп SMS жазды». Ол әйел, әрине, қобалжыды, алаңдады. Танысымның бірі оған менің нөмірімді берген екен, оған кеңес беріп, бұл жағдайдың тұрақты қайталанатынын түсіндім. Мен өзіме күмәндана бастағанда адамдар маған келіп, көмек сұрайтынын байқадым. Міне, жауап! Мен бұл жауапты қабылдап, бұның бәрі бекер емес екенін түсінемін.

Жақында сол әйелден хат келді – ол күйеуімен ажырасып, қызы екеуі басқа қалаға көшсе де, оны жазаламапты, бірақ психологқа бағыттаған екен. Ол кісі бала кезінде зорлық-зомбылыққа тап болып, енді соны өзі де қайталайды екен. Ол кісінің психологқа барып, мәселесін талқылап жүргеніне қуанып кеттім. Енді психологиялық мәселелерін шешіп, қоғамға қауіп төндірмейді деген үміттемін. Ол әйел сол қорқынышты сәтте оған қолдау көрсеткеніме рақмет айтты. Анасы баласын қолдағаны менің тәжірибемде өте сирек жағдай болғандықтан, мен де оған ризашылығымды білдірдім. Бұндай хикаялар үміт сыйлайды. Бұл мәселенің шегі жоғын біліп, ары қарай осы бағытта әрекет ете бергім келеді. Бұның бәрі бекер емес.







Общественный фонд SVET
svetpf.org
SVETKazakhstana@gmail.com

Поддержать Фонд SVET можно, сделав частное пожертвование
на номер телефона +7 708 568 2644 (Молдир Жумабаева). 
Пожалуйста, оставьте в сообщениях отметку "SVET"









︎︎︎ВЕРНУТЬСЯ НА ГЛАВНУЮ